жатыр-ау! Аңдап қарасақ, ол да адам баласы. Қыз дегенiң өрiсiң деп халық бекер
айтпаған қой. Сол арқылы бұрын жүзi таныс емес жермен дидарласасың, құда-жекжат
боласың. Одан өрбiген жиендерiң өз балаңнан бiр кем бе? Тек қана адалынан бергей де.
Соны ойлай бастаса-ақ, мұның есiне Нестайы түседi. Мектеп бiтiргеннен кейiн ол
ешқайда ұзап оқуға бара қоймады. Азын-аулақ каражат жиғасын, келер жылы
Алматыға барып, бақ сынап қайтсам ба деп жүр. Бұл не де болса, оның бетiн қақпайды.
Тек ағайын-туысы жоқ алыс жерге жас баланың жаңғыз өзiн қалай жiберем деп
қорқады. Өзiм сол институтына бiрге ерiп барам десе, Нестай күлiп: «Өзiм барып
қайтам қой», — дейдi. Шамасы, сақалын сапситып, мұны жанына ертiп жүруге ұялады-
ау! Әй, оның бiр сыласы бола жатар!
Ол домбыра шегiн қайта дың еткiзiп, жаңағы бiр қоңыр әуеннiң басын шалды. Баяғы
саз үйреншiктi қалпымен қоңырлай түсiп, майда күңiренiп, мұның жан түкпiрiндегi әр
түрлi пернелердi қыдықтай бастады. Тағы да есiне әр жайды салып өттi. Әсiресе, оны
қатты толғандырып жүрген Досбергеннiң тағдыры едi. Есiл азамат қатты сырқаттанып,
баласының аяқтанғанына асығып-ақ жүр. Өзi iшiнен сонымен құда боп, Тоқшылықты
өз баласы етпек боп та бiр қиялдаған. Бiрақ ол ниетiн ашық айтуға ыңғайсызданған.
Және де Тоқшылықтың Набатқа келгiштеп жүргенiн байқап, iшкi адал ниетiн қаяу
түскендей бiр түрлi боп, оған аса суынып кете қоймаса да, аздап аяқ тартып қалған да
едi. Сол қалпын Нестай да аңдайтын сияқты. Соңғы кездерi қабағы онша ашылмай жүр.
Шал ендi Әзберген туралы ойлап кеттi. Аңқылдаған қасқа iргесiнде жатып,
көрпесiне жүгiрген суық қол болар-ау деп бiр күдiк алмайды. Баяғы елпiлдеген қалпы.
Бұған ұнамайтыны, оның Елекештiң қызымды неге соншама қолпаштап кеттi деп бiр
толғанбайтыны. Ол үшiн айдаладағы бұл қиналып бiтедi. Әсiресе, ана жолы Елекештiң
бұған өз ұсынысын айтқаннан кейiн, шалдың күдiгi қалыңдай түстi. Әрине, шалға
күрiшiн бере салу қиын емес. Бiрақ, неге, деген бiр сұрақ жанын қинайды. Ата сақалы
аузына түскенде, көре көзге сүйтiп жатса, ел өз жайында не ойлайды? Ертең ауданнан
әкiм-қаралардың бiрi кеп, ақсақалау мұныңыз қалай десе, бұл тiрiдей жерге кiрмей ме?
Әлде үйте қоймас па? Кiм бiлiптi? Қанша дегенмен ондай шаруаға бұрын-соңды
араласпағасын, қиын екен. Бiреу арт жағынан терең орға итермелегендей, қатты
қорқады. Осы арада Жұман болса ғой, ештеңеден тайынбас едi деп, бұл бiр ойлайды.
Сонда бұл неден үркедi? Директор бар жауабын өз мойнымен көтерiп алам деп отыр.
Ертең қолайсыз жағдай туса, бәлеге қалса, соның басы қалады. Бұған келiп сұраса,
ықтиярсыз көндiрдi демей ме? Ықтиярсыз? Сонда қалай? Бiздiң заманда олай болуы
мүмкiн бе? Ал егер көнбесе ше? Бұл тағы да ана жолғыдай ел iшiнде шiркiн болмай ма?
Қартайғанда ауыз жарымас бiрдемеге таласып, абыройын айрандай төгiп... деген ел
сөзiне қалмай ма? Оның үстiне Елекеш екi араға әкесiн сап, мұның қолын жiпсiз байлап
қоймай ма? Сонда бұл Тiлемiске қалай болмайды дей алады? Қанша дегенмен
қиыншылықты бiрге көрген, бастас кәрi жолдасы емес пе? Оған да көнбесе, ел
арасындағы құрметтен бiр күнде айрылып шыға келмейдi ме? Соны ойласа, Балғынбай
абыржып бiтедi. Ендi бiрде өзiне-өзi күйiп кеткенде, осы адал болам, абырой
сақтаймын деп тыраштанғаннан не таптым, одан да арам-алысы көп тiршiлiктiң өзi
жақсы емес пе, деп, бiр ауланады. Бiрақ артынша сабырын тауып, ол ниетiнен тез
қайтады. Сүйтiп әрi-сәрi боп жүрген шалдың осындай шаршаған шағында сырласар
кәрi серiгi — қара домбыра. Бұл шiркiн де тоза бастаған ба, соңғы кездерi қоңыр бiр
әуеннен басқа сазға аяқ баспай қойды. Балғынбай домбыраны iргеге сүйей сап,
орнынан түрегелiп отырды. Кемпiрi дастархан жайып, сүтке пiсiрiлген күрiш көженi
мұның алдына тарта бердi. Шал ағаш қасықпен бiр iлiп, аузына сап едi, қышқыл айран
қосылған кермек дәм бiрден тiлiн үйiрiп әкеттi. Ол бiр-екi рет қасықпен көсiп ап,
тұшынып iштi. Сосын кемпiрiне көз салып:
— Осы Жықпыл бойындағы егiске суды кiм айдап жүр? — дедi.