— Құдай-ай, сен де бiр қайдағыны сұрайды екенсiң. Деректiр айтқасын, бiргәдтағы
бар кiсi соған жабылып жатқан жоқ па? — дедi кемпiрi алдындағы тостағанға құйылған
ыссы көженi қасығымен былғап отырып,
— Сонда... ол егiс кiмнiң атында екен?
— Кiм бiлiптi.
— Набаттың шығар, — дедi Нестай бiр түрлi боп, қызара түсiп.
— Ау, сонда... Қалай?
— Шал, сенiң ондағы диалаң қанша? Маған десе, неге осы сапқоздың бар күрiшiн
соның атына жазбайды, — дедi кемпiрi қыжырта сөйлеп.
Балғынбай күдiк алып қалды. «Мына бәтшағар да бiле ме?» — деп, кемпiрiнiң тозған
көрi көзiне абайлап қарады.
— Одан да өз жолыңды бiлген дұрыс қой, — дедi кемпiрi мұның тура қарағанын
сезiп, жүзiн әрi қарай бұрып әкеттi.
«Е, солай де! Аяз әлiңдi бiл, құмырсқа жолыңды бiл», — деп, Балғынбай iштей
күбiрлеп, ендi қайтып тiл қатпады. Есiне әлденеге Тұрмағамбет шайырдың: «Лайық
әркiмдерге бағу басын, ойланып аңлау дұрыс өз шамасын», — деген бiр өлеңi түсе
кеттi. «Бұ да жөн екен-ау! Әй, Тұрекең деген айтқыр ғой»,— деп, бiр сүйсiнiп қалды.
Жылы, қышқыл көженi iшiп боп, ол қайтадан көпшiкке қисая кеттi. Ендi ештеңе
ойлағысы келмедi. Бiр түрлi боп тұла бойы тоңазып, шекпенiн жамылып, жата бердi.
24
Бастастары тарап кеткеннен кейiн Тiлемiс пен Алмашкүл екеуi оңаша қалды. Аула
iшiндегi сәкiде шынтақтап жатып, құйтымдай шал селдiр сақалын қолымен сипалап,
көзiн сәл қыса түсiп ойланып отыр. Жаңа ата сақалдары ауыздарына түссе де,
бастастарының өткен-кеткендi еске алып, мына жастардың көзiнше сөз
таластырғандары бұған әбес көрiндi. Өз ойынша, өткен нәстенiң бәрiн қайтадан еске
алып, баяғы қыжылды қайта қоздырудың түкке де қажетi жоқ. Басқа пайдасы жоқ құр
сөзден тапқан пайдамыз болса, кәне? Бәрiнен де бүгiнгi жас адамдардың алдында өз
әбiрейiңдi төгiп, жоқтан өзгеге айтысып-тартысып, бәтуасыз сөздi желге шашып,
кәдiрсiз болғанның несi жақсы? Онанда өз жөнiңдi бiлiп, ақсақалдық ретiңдi сақтап,
ендiгi қалған азғантай тiрлiгiңе шүкiршiлiк еткеннен дұрысы жоқ. Өзi сүйтiп келе де
жатыр. Қарап отырса, бұл өзi қылшылдаған жiгiт кезiнде де дау-дамайға араласып,
бiреудiң жағасын жыртып көрмептi. Мұның көз ашқалы көргенi — қылқұйрықтың
арқасы. Ес бiлiп, етек жиғаннан бастап-ақ бұл әлсiз, нәзiк қолымен ат жалына жабысты.
Сол қолына тiзгiндi дұрыстап ұстады. Оң қолына бүлдiргiсi әдемi, төрт өрме қамшыны
алды. Сонымен астындағы жуас кертөбелдi сипай қамшылай отырып, алғаш рет
атпенен әудем жерге барып қайтты. Осылай дағдыланған ол кейiннен де сол әуенiнен
жазбады. Талай рет атына қамшы басып, желөкпеленiп, жаман бөркiн бiр шекесiне
қоқырайта киiп, күпiлдесе сөйлеп, ежелден есесi кетiп келе жатқан әлдекiмдерден өш
алатын тұстар да кездестi. Бiрақ қаршадайынан құдайын ойлап, ағайынға залал жасауға
болмайды деген қағидаға дағдыланған бұл тағдырдың асау атша талай рет топ еткiзiп
түсiрiп кетер тұстарында да тiзгiндi тартып ұстап, әулекiлене қойған жоқ. Оның есесiне
алдындағы бес-алты қарасының жайын күйттедi. Солардың қоңы жығылып қалмасын
дедi. Қалған тiршiлiкке бас қатырып жатпады. Бәндәлардың бiрi келiп, бiрi кетiп
жатқан фәни дүния ғой, одан ертең мен де өтемiн, сен де өтесiң, сол кезде кейiнгiге
жаман атым қалмасын деп, бұл қасында жүрген өзi қатарлы азаматқа қылаудай
арамдық жасап көрген жоқ. Талай рет өзге ауылдың отарларынан желдеп шығып,
адасып кеткен бiрлi-жарым мал бұның қосына келiп қосыла қалса, өзi елден бұрын жар
салып, жоқ iздегендердiң алдына тапқан малын салып бередi. Мұның орнында басқа
бiреу болса, түн iшiнде асып-сасып, пышағын жалаңдатып, құдай айдап келе қалған